Залал – 8 млрд теңге. Киік күйікке айналмаса не қылсын?!
Серіктестік меншігіндегі 15 000 гектар алқап ақбөкендерден зиян шеккен.
Жыл санап ақбөкендердің таралу аймағы да артып келеді. Қоршаулар қоямыз, жануарларды айдау үшін адамдар жалдаймыз, бірақ нәтиже жоқ. Олар барлық жерде жүреді. Бәрін таптап, жейді. Салдарынан өнімділік төмендеді. 2-3 мың гектар алқап тапталды. Төртінші жыл қатарынан киіктен зардап шегіп отырмыз. Егістік жұмыстарына миллиондаған қаражат салынады. Ал шығын өтеле ме, белгісіз, - дейді Валерий Петров.Фермерлер бірнеше рет көмек сұраған, бірақ өтініштері аяқсыз қалған.Серіктестік басшысы киіктер жайылымдық жерлерге де қауіп төндіріп отырғанын айтты.
Түз жануары егістік алқабын таптап, бәрін отап тастады. Олар мүлдем тыныштық бермейді. Ауылға да кіреді, – дейді ол.Ауыл шаруашылығы басқармасының деректеріне сәйкес, облыс бойынша ақбөкендер таптаған дақылдар саны 76 932 гектарды құрап отыр, оның 17 405 гектары Атбасар ауданына тиесілі.Өңірде киік мәселесі жыл сайын өзекті болып отыр. Жергілікті шаруа қожалықтарының ақпараты бойынша, биыл Егіндікөл ауданында 40 мың гектардан астам алқап шығынға ұшырады.
Бүгінгі таңда аталған мәселе ауыл шаруашылығы басқармасымен шешілуі тиіс. Бұл шығынның өтелуі немесе шарт, несие немесе лизингтік төлемдерді ұзарту түріндегі басқа да шаралар болуы мүмкін, – деп нақтылады Егіндікөл ауданының ауыл шаруашылығы, жер қатынастары және кәсіпкерлік бөлімінің басшысы Жарысбек Жақанов.Биыл облыс әкімдігі Ауыл шаруашылығы министрінің атына ақбөкендердің популяциясын заңнамалық деңгейде реттеу жөніндегі мәселені шешуге жәрдемдесу туралы хат жолдаған. Алайда бүгінгі күні киіктердің мемлекет қорғауында болуына және ақбөкендерді, олардың бөліктері мен дериваттарын ел аумағында ғылыми мақсаттан бөлек пайдалануға тыйым салудың 2024 жылға дейін енгізілуіне байланысты мәселе ашық күйінде қалып отыр. Ақбөкендерді аулауға тыйым салынған, өйткені түз жануары ЮНЕСКО-ның қорғауында. Шаруалар егістік алқаптарын «Қызыл кітапқа» енген жануарлардың шабуылынан да сақтандыра алмайды, өйткені бүгінде мұндай сақтандыру түрі жоқ. Ал ауыл шаруашылығы өндірушілерінің қаржы институттары алдында кредиттік міндеттемелері бар. Уәкілетті органдардың әрекетсіздігінен бұл фермерлердің қаржылық жағдайын одан әрі нашарлатуы мүмкін. Өткен жылы да өңір шаруалары материалдық тұрғыдан үлкен шығынға ұшырағаны белгілі. Киіктерден ауыл шаруашылығына келтірілген залал 8 млрд теңгеден асты. Мысалы, Егіндікөл ауданында 45 мың гектардан астам, Астрахан ауданында – 22 мың га, Жақсы ауданында – 19 мың гектарға жуық, Жарқайың ауданында – 10 мың гектарға жуық алқап зардап шекті. Сарапшылар ақбөкендердің санын реттеу жөнінде ұсыныстар жасауда.Ақбөкендер жүретін жолдарда жем-шөп алаңдарын ұйымдастыру бойынша жұмысты жолға қою, қоршаулар дайындау және орнату үшін республикалық бюджеттен қаражат көзделуі қажет. Сондай-ақ ақбөкендер келтірген шығынды бағалау үшін құзыретті мемлекеттік орган өкілдері мен тәуелсіз сарапшылар қатарынан комиссия құру, залалды өтеу үшін мемлекеттік қазынадан қаражат бөлу мүмкіндігін қарастыру қажет, - деп есептейді өңірлік кәсіпкерлер палатасының АӨК бөлімінің басшысы Жайсаң Бекқожин.
Arasha.kz
ФОТО: egemen.kz