Мас күйінде көлік жүргізген депутатқа үкім шықты

25.09.2023 Аймақтар
6
Ақтөбе сотында қалалық депутат Сәния Мұратоваға қатысты Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекстің 596-бабы 3-бөлігімен қозғалған іс қаралды. Шешім сырттай шығарылып, ол жүргізуші куәлігінен 6 айға айырылды. ҚазАқпараттың мәліметіне қарағанда, жауапкер Сания Мұратова соттың болатын күнін, уақытын біле тұра сот отырысына қатыспаған. Дегенмен, Ақтөбе қаласының әкімшілік құқықбұзушылықтар жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында іс қаралып, судья Д.Хамиев сырттай шешім шығарды. Қала мәслихатының депутаты Сәния Мұратоваға қатысты Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекстің «Көлік құралын жолдың жүру бөлігінде орналастыру, қарсы жүріп өту немесе басып озу қағидаларын бұзу» (596-бап) және «Көлік құралын мас күйінде жүргізу» (608-бап) баптары бойынша хаттамалар толтырылған болатын. Бүгінгі сот отырысында депутаттың 596-баптың 3-бөлігінде көрсетілген құқықбұзушылығы қаралды. Онда С.Мұратованың жол ережесін бұзғанын құжатқа түсіріп, хаттама толтырған полиция қызметкері мән-жайды айтып берді.

Сот шешімімен депутат бірнеше ай көлік руліне отыра алмайтын болды.

ҚР Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекстің 596-бабы 3-бөлігінде көрсетілген құқықбұзушылық жасағаны үшін оған 6 ай мерзімге көлік жүргізу құқығынан айыру жазасы қолданылады, – деді судья.

Arasha.kz

ФОТО: Ақтөбе қаласының мәслихаты